7.12.2020, 9:11
Қараулар: 96
Ұлы композиторды еске алды

Ұлы композиторды еске алды

Бәйтерек ауданы Белес мәдениет үйі әйгілі күйші, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдығына орай «Құстар қайтып барады» атты еске алу фестивалін ұйымдастырды.

Онлайн фестивальге Мичурин, Раздольный, Янайкин, Трекин, Рубежка, Железнов, Асан, Дариян, Переметный, Январцев ауылдық округтерінің өнерпаздары қатысты.

Фестиваль шарты бойынша әр қатысушы Нұрғиса Тілендиевтің әнін не композициясын орындап, бейнебаяндарын ұйымдастырушыларға жіберуі керек болды. Ол Белес ауылдық клубының әлеуметтік желідегі парақшасына жүктелді. Ауыл тұрғындарының ғана емес, барша аудан жұртын таң тамаша еткен өнер додасы күні кеше қорытындыланды.

Барлық қатысушыларға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

-Мақсатымыз ұлы композитордың шығармашылығын кеңінен насихаттау, рухани-адамгершілік үйлесімділікті, шығармашылық белсенділікті дамыту және ұлттық музыкалық мұрамызды байыту болды. Қатысушылардың барлығы өздерін тек жақсы қырынан көрсетті. Жылы пікірлерін білдірген азаматтар да көп болды. Алдағы уақытта бұл өнер фестивалін дәстүрлі түрде өткізетін боламыз,-дейді ауылдық клуб меңгерушісі Ақтоты Имағамбетова.

Аружан АМАНЖОЛ,

Бәйтерек ауданы