12.01.2021, 14:44
Қараулар: 28
Қазақтың дана Қадыры

Қазақтың дана Қадыры

Жуырда Бәйтерек ауданындағы Дариян және Озерный ауылдық кітапханаларының ұжымы көрнекті ақын, қазақтың халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің туған күніне орай «Қадыр поэзиясының пырағы» атты онлайн шара ұйымдастырды.

Көрнекті қаламгерге арналған шарада Дариян ауылдық кітапханасының меңгерушісі Шолпан Сұлтанғалиева қазақ өркениетінің жаңа болмысын ашқан ақын, ұшан-теңіз білім дариясының кемеңгері Қадыр Мырза Әлінің ғұмыры мен шығармашылығы жайынан сыр шертіп, артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізді.

Одан соң Озерный ауылының кітапханашысы Мария Еременко көпшілікті дара тұлғаның шығармаларына арналған көрмені таныстырып, кітаптары мен өлеңдеріне жеке тоқталып өтті.

Сондай-ақ шараға қатысқан жас оқырман Саяжан, Ақниет Шаймардановалар, Мөлдір Болат, Айнель Ақатайқызы дана ақынның өлеңдерін жатқа айтып, оқырманға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Қазақ өмірінің әні мен нәрін, сыны мен сырын көркем, әрі түпсіз ой көзімен ашып өлеңдеріне арқау еткен қаламгерге арналған шаралар жалғасын табады деген ойдамыз.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы