30.10.2020, 15:22
Қараулар: 136
Мичурин мектебінің жұмысы ширақ

Мичурин мектебінің жұмысы ширақ

Бәйтерек ауданы Мичурин мектебінің ұстаздары мен кітапханашысы Аягөз Қансұлтанова оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында біраз тағылымды іс тындырған. һәкім Абайдың 175 жылдығы мен екінші ұстаз Әл Фараби бабамыздың 1150 жылдығына арналған кітап көрмелері мен қос ғұламамыздың шығармаларын оқу сайыстары мектепте үзбей өткізіліп келеді. Соның арқасында балалар Абай мен Әл Фарабидің кім екенін ұғып, қазақ әдебиеті мен мәдениеті және ғылымы жайында көптеген мағлұматтар ала алған.

-Бұрын мектеп кітапханасына келуші оқушылар аз болатын. Биылғы оқу жылы басталғалы бір сыпыра тағылымды шарлар өткізіп, қашықтан оқып жатқан оқушылардың қызығушылығын онлайн байқаулар арқылы оятқан кітапханашы Аягөз Қансұлтанова мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Серғазиеваның еңбегі ұшан теңіз. Қазір тек бастауыш сынып оқушылары ғана емес, жоғары сыныптағылар да мектеп кітапханасының тұрақты оқырмандарына айналды,-дейді білім ордасының директоры Алмагүл Кенжебаева.

Мичуриндік ұстаздар тек қос алыбымызға арналған шарамен шектелмей, Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына арналған жазушы шығармаларын оқу марафонын да жоғары деңгейде өткізген. Оған мектептің барлық оқушылары атсалысыпты.

Бастауыш сынып мұғалімі Валентина Матухнованың айтуынша, батыр баба шығармаларын оқу марафоны оқушылардың үлкен қызығушылығын оятқан.

-Мен бастауыш сынып мұғалімі болған соң оқушыларыма Бауыржан ағамыз жайында әңгімелеп, бір-екі шығармасын оқып бердім. Оның шығармалары негізінен үлкен аудиторияға арналғанғой соған қарамастан оқушылар оның әңгімелерін оқып шықты. Бүгінде менің сыныбымдағылар қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлы туралы көп ақпарат алды және өздері де айтып бере алады,-дейді В. Матухнова.

Тек кітап оқуды ғана емес, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін де оқушыларға үйретуді өздерінің қасиетті борышы санайтын ауыл мектебінің мұғалімдері халықаралық «Қарттар күні» мерекесі мен қайырымыдылық айлығына орай «Қарттарым аман-сау жүрші» шарасын ұйымдастырған. Алдағы уақытта еркін тақырыптағы кітап оқу марафонын және буккроссинг шарасын өткізуді жоспарлаған Аягөз апамыз бен Айгүл ұстаз ол шараларына оқушылардан бөлек, мұғалімдерді де тартуды көздеп отыр.

-Соңғы кездері кітап оқу азайғанын ғалымдар да айтып келеді. Бірақ біздің өткізген шараларымыздың аорқасында кітап оқуға деген қызығушылық артты. Қазір оқушылар бос уақытын кітапханада өткізеді. Өкіншітісі карантин көптеген шарамызға тұсау салуда. Болашақта

жұмысымызды екі есе қарқынмен атқаратын боламыз,-дейді барлық шараларды ұйымдастырушысы Айгүл Серғазиева.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы