30.11.2020, 10:01
Қараулар: 112
Меценаттар мерейі тасыды

Меценаттар мерейі тасыды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-кұрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы бұл бағыттағы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады» деген болатын. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден». Осы тұста, қашанда бұқараға жасаған жақсылығын жарысып және бір ізгілікті істің ұйытқысы болуға дайын тұратын жомарт тұлғалар бар екені аян. Міне, сондай жомарт жандарды бағдарламалық мақаладан туындаған «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» номинациясымен марапаттау рәсімі республика көлемінде жүзеге асырылуда. Жуырда Бәйтерек ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып қана қоймай, туған ауылы мен жерлестеріне деген қамқорлығын аямайтын бір топ меценат «Жомарт жүрек-2020» сыйлығына ие болды.

Халық даналығы «Туған жерге туыңды тік» дейді. Дүниеге келген әр пенде кіндік қаны тамған өлкесін мақтан тұтары анық. Туған жер бәрімізге ыстық, киелі мекен. Туған жердің адамдары, табиғаты, ауасы, топырағы, өсімдігі, жануары, тіпті көшесі де ыстық. Туған жерге деген сүйіспеншілік туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жердің өсіп-өркендеуіне атсалысу – еліңе, жеріңе деген сүйіспешіліктің шынайы көрінісі…» деген болатын. Аудандағы оң істер мен тың бастамаларға атсалысып, қолдау көрсетіп жатқандарыңыз – бұл Сіздердің аудан дамуына қосар үлесіңіз! Жүрегі «Отаным» деп соққан азаматтармен мақтанамыз! Ауданымыз тәуелсіз мемлекетімізбен бірге өркендеп өсе берсін. Бүгінгі Форум қатысушыларына зор денсаулық, мол жақсылық, еңбектеріне толайым табыс тілеймін. Дәулетін шаруаға пайдаланған және көпшілікке қамқорлығын аямаған сіздердің ісіңіз көпке үлгі,-деді аудан әкімі.

Кейін Марат Лұқпанұлы ірі әлеуметтік жобаларды іске асырған «Асан-Аул» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Асқар Асановты «Жыл меценаты», «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ ірі акционері Александр Матевосян мен «Достық» ШҚ басшысы Владимир Щевчукті «Жыл азаматы» аталымымен марапаттады. Аты аталған азаматтардың алғашқысы ірі әлеуметтік жобаларды іске асырса, соңғы екеуі аймақтағы өмірдің жақсаруына бағытталған жобаларды сәтті жүзеге асыра білді.

Сондай-ақ шара барысында «ДулАн и А» ЖШС директоры Қанат Нәжметдинов пен «Жебе» ШҚ басшысы Қасым Жұлқашев «Туған өлке» аталымында берілген сыйлыққа ие болды. Бұл азаматтар елді-мекенді көркейтуге, саябақ, аллея, ескерткіштер мен балалар ойын алаңдарын салуға атсалысты. Меценаттар форумында «Алтын болашақ» ШҚ басшысы Еркін

Насыров, «Муса-Агро» ШҚ басшысы Насанбай Киргенев, «Малика» ШҚ басшысы Данияр Капушев, «Горбачева» ШҚ басшысы Анатолий Горбачев, «Барс и К» және «Причаганье» ЖШС-нің құрылтайшысы Жақсығали Шерниязов, «Ливкино» ЖШС директоры Михаил Марченко, «Журавлев А. И» ШҚ басшысы Александр Журавлев пен «Мырза Джан» ШҚ басшысы Рафаель Амирханян «Жыл еріктісі» аталымымен марапатталды. Атап өту керек, бұл кәсіпкерлердің әрқайсысы ерікті қызметке белсенді араласып, жалпы құны тоғыз миллионға жуық қаржыға көмек көрсетті.

Бұдан бөлек форумда үздіктердің үздігіне берілетін «Жыл тұлғасы» аталымы да табысталды. Биыл ол атаққа Краснов ауылдық округінен мәдениет, спорт кешенін салып, ауыл халқының демалысын тиімді ұйымдастыруға қолғабыс еткен белгілі кәсіпкер, ауданның құрметті азаматы Бейбіт Асанов пен аудандық аудандық орталық аурухананы кислород беру жүйесімен қамтуға атсалысқан кәсіпкер Нұрлыбек Хайруллин лайықты деп танылды.

Барын елмен бөлісіп, мұқтажды қолдаған, қамқорсызға қорған болғандардың басы қосылған форум барысында аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов «Жомарт жүрек» аталымына ие болған жандардың барлығы лайықты екенін атап өтті.

-Туған жерге, егеменді елге деген сүйіспеншіліктің барлығы кіндік қаның тамған атақонысқа құрметіңнен басталады. Сондықтан да «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзді үнемі ұстаным етіп, ауылдың гүлденуіне үлес қосуға қашанда дайынбыз, – деді шара соңында меценаттар атынан сөз алған кәсіпкер Бейбіт Асанов.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы