22.10.2020, 9:30
Қараулар: 146
Карантин өнерге кедергі емес

Карантин өнерге кедергі емес

Соңғы уақытта карантин режимі күшейіп, көп мекеме жұмысын қашықтан жасауға көшкелі жүр. Наурыз айынан бері елді әбіргерге салған індет беті қайтар емес. Десе де осынау қиын шақтарға қарамастан Бәйтерек аудандық мәдени демалыс орталығы тұрғындарға арналған шараларын өткізуді бір сәтке де тоқтатқан емес. Осы аптаның өзінде екі бірдей жобаны іске асырған өнерпаздардың бастамасы өз көрерменін тауып үлгерді.

Апта басында мәдени демалыс орталығының ұжымы «Өз жүрегіңнің жылуымен бөліс» өнер фестиваліне старт берді. Қайырымдылық айлығына орай өтетін дәстүрлі фестиваль биыл да өнерсүйер ағайынның қызығушылығын тудыруда. Вокал, аспапта орындау, сурет және поэзия жанрлары бойынша оздырылып жатқан фестивал мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық қабілетің шыңдай түсу мақсатында ұйымдастырылады.

-Дәстүрлі «Өз жүрегіңнің жылуымен бөліс» өнер фестивалі өте қажет жоба екенін көрсетті. Жыл сайын ауданымыздың әр ауылынан келген тағдырлы жандар өз өнерлерін көрсетіп, бір-бірімен танысып, шер тарқасатын еді. Биыл өкінішке орай ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті фестиваль онлайн форматында өткізудеміз. Осы кезге дейін 14 өнерпаз қатысуға ниет білдірді. Олардың жіберген бейнероликтерін әлеуметтік желідегі парақшамызға жариялап жатырмыз,-дейді мәдени демалыс орталығының әдіскері Амангүл Намазова.

Аталмыш фестивалдің қорытындысын алдағы аптада жарияланатын болады.

Бұдан бөлек аудан өнерпаздары мәдениет саласының ардагерлерін де ұмытқан емес. Оларға арнап, орталық «Сағындырған әндер-ай» фестивалін бастады. Оған көп жыл өнер саласында қызмет жасап, қазір зейнетке шыққан жандар қатысуда. Фестиваль ұйымдастырушылары аталмыш жоба да көпшілік қызығушылығын оятқанын айтады. Қатысуға ниет білдіргендер өз бейнероиктерін жіберуде екен. Аталған өнер додасы да алдағы күндері қорытындыланбақ.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы