7.12.2020, 16:48
Қараулар: 56
Зейнеткер волонтерлар

Зейнеткер волонтерлар

Жүрек жылуымен бөлісіп, айналасындағыларға мейірімі мен шапағатын төгіп жүрген жандардың бірі переметныйлық еңбек ардагері, «Ауыл тынысы» газетінің штаттан тыс тілшісі Николай Антонович Анципрович пен жары Амина Габдулгалиевна зейнет алған күні үйіне емес, өздерін күткен жандарға асығады. Өйткені олар аудан орталығында тұратын 5 көпбалалы отбасыға екі жылдан бері көмек көрсетіп келеді.

Қашан көрсең жылы қабақ танытып, айналасындағыларға мейірімі мен шапағатын төгіп жүретін зейнеткерлер жақсылығын еш жерге жария еткісі келмеді. Өйткені оң қолың білгенді, сол қолың білмесін,-деген ұстанымда. Зейнеткер волонтерлардың бұл ісі жайында жақынымыздан естіп, олар туралы газетке мақала шығармақ болғанымызда көпке дейін келіспеді. Тек бірнеше күн сөйлескен соң ғана келіскендей болды.

Айтуларынша, аудан орталығындағы мұқаж жандарға көмек көрсету туралы ойды Николай ағамыз тастапты. Алғашында Амина әжей келіспегенімен алғашқы отбасынға көмек бергеннен кейін өзі де волонтерлық іске бел шеше кірісіпті.

-Жұбайым екеуміз қандай да бір іс бастасақ ақылдасамыз. Мұқтаж ауылдастарына көмектескісі келетінін айтқанда келісімімді бермеген едім. Николай барлығын түсіндіріп, жақсылық жасауға үгіттеді. Мені көпбалалы отбасының үйіне алып барып, олардың шын мұқтаж екендерін көрсетті. Содан бері екі жыл өтті. Аудан орталығындағы бес отбасын ай сайын қажетті азық-түлікпен қамтып отырмыз,-дейді Амина әже.

Өмір бойы ұстаздық қызметте болған Николай ағамыз ауылдастары арасына беделді, сөзі өтетін жан. Өзі қырық жылдан астам қызмет еткен Қаражар ауылына газ өткізуге де тигізген үлесі бар. Қоғамдық шараларға да белсенді араласатын қария ауданның саяси-экономикалық ахуалымен де жақсы таныс. Үнемі ел ішінде, қайнаған ортада жүретін ол аудан орталығындағы отбасылардың көбін таниды және жағдайларын біледі.

-Аспанымыз ашық, еліміз тыныш. Зейнетақымыз уақтылы келіп түсіп тұр. Балаларымыз да аяқтанды. Сол себепті осындай істі бастауға бел байладым. Ақша уақытша ал балалардың қуанышы – мәңгілік. «Жақсылық жасасаң, балаға жаса»,-дейді қазақ мақалы ең маңыздысы ел болашағы саналатын балаларымыз аман болып, қызықты шақтары молшылықта өтсе екен,-дейді Николай ата.

Биылғы жылдың басты ұрандарының біріне айналған «Қайырымдылық жас талғамайды» сөзінің рас екеніне переметныйлық зейнеткерлердің ісіне қарап көзіміз жетті. Игі істің бастаушысы болған, жаны жылулыққа толы ақсақал мен оның жұбайының ерлікке пара-пар ісі көпке үлгі.

Жақсылық пен ізгі істің жалғастырушысы іспеттес болған «Еріктілер жылында» жанашырлықтың нағыз белгісін көрсеткен осындай жандар көп болғай.

Аружан БОЛАТБЕКҚЫЗЫ,

Бәйтерек ауданы