9.11.2020, 14:38
Қараулар: 194
Жібек жеңімпаз атанды

Жібек жеңімпаз атанды

Жуырды облыс орталығында оздырылған «Мен де жұлдыз боламын» атты Республикалық балалар байқауында бақ сынаған Бәйтеректік Жібек Әбекеш үздік әншілер қатарынан көрінді.

Карантин шектеулеріне байланысты онлайн кастингке қатысқан 9 жасар Жібек бірінші кезеңде Нұрғиса Тлендиев атамыздың әні мен Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Саржайлау» әнін орындап, байқаудың финалдық кезеңіне жолдама иеленді.

Бірінші кезеңнен соң әділқазылар мен көрерменнің оң бағасына ие болған ол байқау финалында казталовтық Арайлым Нұрболатпен жұп құрып, «Асыл әжем» әнін орындады. Көп әншінің батылы бара бермейтін әнге ауыз салған қос бүлдіршін көпшілікті таң қалдырды. Осылайша ол бірінші орын иеленіп, Түркия еліне жолдама жеңіп алды.

Дариян ауылдық клубында Бауыржан Бекентаев атты әншіден тәлім алатын Жібектің болашағы зор. Осындай әнші тауып, оны сахнаға алып шыққан ұстаз Б.Бекентаев та үздік шәкірт тәрбиелегені үшін марапатталды.

Аружан Болатбекқызы,

Бәйтерек ауданы