12.11.2020, 18:12
Қараулар: 102
Жылышырайлы жүздесу

Жылышырайлы жүздесу

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін полиция қызметін таңдаған нәзік жандылардың бірі –Приурал аймақтық полиция бөлімінің жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Нұргүл Биссалиева. Осы кезге дейін жұмысының бар ауырпалығын көтеріп, үй шаруасы мен қызметті қатар алып жүрген оның өз айтары бар. Сол себепті мамандығының қыр – сыры жайында айтып берсін деген ниетпен Дариян ауылдық кітапханасының ұжымы полиция капитаны Нұргүл Биссалиеваны онлайн форматта өтетін «Менің қоғамдағы орным» атты тақырыптық кездесуге шақырды.

Негізінен жоғары сынып оқушылары қатысқан онлайн кездесу барысында Н. Биссалиева құқық қорғау саласындағы жұмыстың қиындығы мен қызығы жайында әңгіме өрбітті. Сондай-ақ бұрын айтылмаған көпшілік біле бермейтін сыры мен өзінің қоғамға қосқан үлесін жайында да сөз қозғаған кейіпкеріміз оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.

Адам өмірінде қандай жетістік болса да,оның барлығы адал еңбектің арқасында келетінін айтқан Н.Биссалиева жастарды әр ісін ақылға салып, алған біліміне арқа сүйеуге шақырды. Сондай-ақ өзі қызмет ететін бөлімнің жұмысы жайына да тоқталды.

-Негізінен жасөспірімдер ісі жөніндегі бөлімнің мақсаты — ел болашағы саналатын жеткіншектер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу.Осы ретте әрдайым табандылық танытып,біліктілігіңді арттырып отыруың қажет.Мамандығымның қиындығы жоқ емес,жүрек қалауы болғандықтан қиындыққа төтеп беру-міндетім.Жалпы қай жұмысты алып қарасаңыз да,қызығы мен қиындығы қатар өріліп отырады.Өз кәсібіңді сүйсең,кездескен қиыншылыты қалыпты жағдай деп қарайсың.Қызметімде жасөспірімдердің ата-аналарымен, мектеп психологтарымен бірлесіп,қиын балаларды тәрбиелеу үшін жан-жақты жұмыстанамыз.Сондықтан да бұл мамандықты таңдаған тұлға батыл,шыдамды болуы қажет,-деп түйіндеді өз сөзін полицей ханым.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы