23.10.2020, 10:26
Қараулар: 144
Ауылды тербеді гитара үні

Ауылды тербеді гитара үні

Бәйтерек ауданы Рубежка ауылының клубы осыған дейін «Для музыки нет границ» атты баяншылар мен гармонь шеберлерінің онлайн марафонын өткізген болатын. Тек ауданымыз ғана емес, көршілес Ресей мен Қырғызстан, Татарстан, Бақұртстаннан және алыстағы Чехия Республикасының өнерпазары қатысқан фестиваль жоғары дәрежеде өтті. Енді міне шара ұйымдастырушылары «Изгиб гитары желтой» атауымен гитарашылардың онлайн марафоны да өз деңгейінде өткізді.

 

Елдегі жағдайға байланысты алдымен ауылдық клубтың инстаграмдағы парақшасы арқылы көпке тараған фестиваль көрермен көңілінен шықты. Бірнеше апта бойы гитарашылардың өнерін ауылдық клубтың инстаграм парақшасына жазылған көрермендер тамашалады. Әр өнерпазға қолдауын білдіріп, жылы пікірлерін қалдырған адамдар санында шек болмады. Лайв жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен қатысуға ниет білдергендер көп болды. Тіпті Ресейдің Қазан және Екатеринбург қалаларынан бейнероликтерін жіберіп, өз үлестерін қосқан жандар да табылды.

Күні кеше шара ұйымдастырушылары ең көп лайк жинаған өнерпаздардың басын қосып, марафонды оффлайн режимінде қорытындылады.

-Карантин режимі жоспарымызға көп өзгерістер енгізді. Ауылға келіп рубежиндіктерге өз өнерін көрсеткісі келгендер көп болғанымен тек бес орындаушыны ғана шақыра алдық. Ресейлік Полина Павина мен Елизавета Еряшева да елге келіп, өнерін көрсеткісі келгенімен жағдай мүмкіндік бермеді,-дейді марафон ұйымдастырушы Елзавета Кузьменко.

Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып оздырылған өнер фестиваліне Переметный ауылынан Александр Цыганов, раздольныйлық Илья Малкин, володарлық Дмитрий Барабанов және рубежиндік Даниил Анюточкин, Анастасия Ляшева сынды өнерпаздар қатысты.

Гитарашылар көрерменге Табылды Досымов, Виктор Цой, «Мираж» тобының әндерін тарту етті. Сондай-ақ концерт барысында өнерпаздар өздерінің шығарған әндерін де орындады. Александр Цыганов негізінен бард әндерді орындаса, Илья Малкин рок бағытын, Даниил Анюточкин жаңа заманғы әндер мен бит боксты тамаша үйлестірсе, фестивалдің ең жас қатысушысы Анастасия Ляшева ретро әндерді шырқап, ағылшын тіліндегі өз туындысымен көпті таң қалдырды.

Шара соңында концертті тамашалауға арнайы келген округ әкімі Асылбек Кенжин өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, шара ұйымдастырушысы Елизавета Кузьменкоға алғыс хат табыс етті.

-Өнерде шек жоқ. Әр қатысушы өзінің ерекшелігімен көпті таң қалдыра алды. Музыканың барлық жанрларын көрдік. Бүгінгі өнер фестивалі жастарымыздың гитараға деген қызығушылығын оятады деген сенімдемін,-деді Асылбек Фазылұлы

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы