12.02.2020, 14:47
Қараулар: 150
Әнші-термешілер клубы ашылды

Әнші-термешілер клубы ашылды

Аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан  «Мұра» дәстүрлі әнші-термешілер клубы ашылды.

Мәдени-демалыс орталығының әдістемелік бөлімінің ұйытқы болуымен қолға алынған игі іс Мемлекет басшысы жариялаған Еріктілер жылының «Birgemiz:Asyl mura» бағытын іске асыру мақсатында қолға алынды.


Аудан орталығы  тұрғындарына домбыра шертіп, дəстүрлі әнге құмар ағайынның бос уақытын мағыналы өткізуге мүмкіндік берер клубтың ашылу салтанатына Орал қаласынан жезтаңдай əнші Ғарифолла Құрманғалиевитің төл шәкірті, республикалық, облыстық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты, Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың лауреаты, мәдениет майталманы, Құрманғазы атындағы саз колледжі Мұхит класының оқытушысы Серік Абдрахманов пен жыршы, әнші-термеші, Атырау қаласында өткен республикалық «Жыршы-жыраулар» конкурсында бас жүлде, Орал қаласында өткен «Термелетіп жырлайын…» жыршы-термешілер конкурсында бас жүлде иеленген және көптеген байқау-фестивальдердің лауреаты Фархад Оразов келді.

Алдымен келген қонақтар мен клуб мүшелеріне «Қош келдіңіз!» айтқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов:

— Тәуелсіздік алғалы етек-жеңімізді жиып, елдігіміз танытып келеміз. Жыл сайын дәстүрлі өнеріміз де өз биігіне шығып келе жатқандығын көруге болады. Бүгінгі «Мұра» атты дәстүрлі әнші-термешілер клубының ашылуы ауданымызда ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыра түседі деген ойдамын, — деді.

Одан соң сөз алған мәдениет майталманы Серік Абдрахманов:

— Бір кездері домбыра үні шықпайтын ауданда дәстүрлі әншілер мен термешілерге арналған осынау клубтың ашылғандығы — жақсылықтың белгісі. Бастаған істеріңіз берекесін берсін! деген тілегін білдірсе, жыршы-термеші Фархад Оразов та ұлттық өнерді дамытуға үлкен көңіл бөліп жатқан аудан өнерпаздары мен клуб құруға мұмрындық болған жандарға ризашылығын білдірді.

Ән айтылып, терме төгілген кеш барысында «Ақниет» әжелер ансамблі «Беу, Айдай!» әнін шырқаса, Нұрлыбек Мұғалімов «Кенесарының жырын»,  кеш қонағы Фархад Оразов Сартай Көшкінбайұлының «Мен сөйлейін, халайық!» әнін, Артур Сисенов халық әні «Балжанды» орындап, көпшілк қошеметіне бөленді.

Клуб ашылуында ән өнеріне жаңа қадам жасап келе жатқан Аянат Тоғызбай мен Ақкенже Қонысбайқы және Янайкин ауылынан келген «Гүлдерайым» домбырашы қыздар ансамблінің мүшелері де өз өнерлерін көрсетті.

Ұлтық өнер соның ішінде ән мен терме өнерін дамытуды қолға алған клуб құрамында 37 өнерпаз бар. Болашақта бұл көрсеткіш арта түседі деген сенім мол.

 

Түгелбай БИСЕН

Аудан жаңалықтарын газеттің әлеуметтік желідегі парақшаларынан оқуға болады Инстаграм Фейсбук

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар