20.02.2017, 15:05
Қараулар: 246
ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ ЗЕЛЕНОВТА

ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ ЗЕЛЕНОВТА


Бүгін Зеленов ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуаныш Асылов, БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғалидің қатысуымен Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыртуы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа жолдауын түсіндіру және іске асыру жөнінде кездесу өтті.


қуаныш Асылов (11)Аталмыш комитеттің төрағасы Қуаныш Жұмабекұлы алдымен аудан әкімі Кәрім Жақыповтың қабылдауында болып, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Дүзбатыров, қарттар үйінің басшысы Ғ. Мендалиев тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Аудан басшысы Кәрім Кәрімоллаұлының төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімі орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.

         -Жолдауды халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында 27 адамнан тұратын 6 ақпараттық-насихат тобы құрылды. Жолдауды актив кең көлемде талқылап, іске асыру бағытындағы міндеттерді айқындадық. Мұнымен қоса 14-16 ақпан аралығында 9 адамнан тұратын облыстық ақпараттық топ 16 ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізді, — деді Кәрім Кәрімолла ұлы.

         -Жолдауда Елбасы тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістікті межелей келе, келешекке нақты міндеттер қойды. Үшінші жаңғырту елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсім жаңа моделіне негізделген. Ол «Қазақстан 2050» стратегиясы. Стратегия ұлт жоспары 100 нақты қадам базасында өткізіледі. Бұл біздің  жүргізіп келе жатырған қызметімізді алдағы уақытта әрі қарай жалғастыру, жеткен жетістікті одан әрі жетілдіру қажет екенін аңғартады.

қуаныш Асылов (6)

Елбасы еліміздің дамуымен 30 үздік ел қатарына тұрақты түрде қадам басу бағытында бес негізгі басымдықты айқындап берді.  Барлық бес бағыт еліміздің әр азаматына сонымен бірге бізге, мемлекеттік қызметшілерге жаңа жағдайдағы даму бағыттарды да белгілеп берді. Ендігі біздің міндет осы бағыттарды тиімді  әрі жоғары дәрежеде орындау. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстар мемлекет саясатында әр түрлі саладағы кешенді жұмыстар нәтижесі. Президент өз жолдауында жауапты салалардағы нәтижелерді жақсарту бойынша жүйелі шешімдерді қабылдауды, одан әрі жалғастыру міндетін қойды. Мен өзім идеологиялық ішкі саясат, тілдерді дамыту, этнос аралық мәселелерді қадағалаймын. Бұл бағыттағы мақсатымыз анық әрі түсінікті. Біз қоғамдық келісімді сақтап, нығайтуымыз керек. Бұл мемлекет, қоғам, ұлт ретіндегі дамуымыздың негізгі шарты. Еліміз тәуелсіздік жылдары ішінде табысты мемлекет ретінде қалыптасты. Елде қазақстандық бірегейлік пен бірліктің барлық қажеті саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани негіздері қаланған. Бұл біріншіден тәуелсіздік алған сәттен бастап, тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құру саясатын жүйелі түрде жүргізуінің арқасы. Мемлекеттік рәмзідер бекітіліп, ел дамуын айқындаған ҚР конституциясы қабылданды. Жаңа елорда  Астана бой көтерді. Екіншіден бүгінде Қазақстанда қоғамдық келісіммен  жалпы ұлттық бірліктің бірегей үрдісі табысты іске асырылуда. Үшіншіден байыпты мемлекеттік тіл саясаты жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды біріктіруші басты фактор қазақ тілін одан әрі дамытуға барлық күш-жігерді жұмсау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Сондай-ақ, жас  ұрпаққа зор сенім артқан Елбасы «Мәңгілік ел» патриоттық актісін қабылдады.

         2017 жылдың басынан бастап еліміз  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Осылайша Қазақстан кеңеске мүше болған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды,- деді өз сөзінде Қуаныш Жұмабекұлы.

         Одан әрі Махамбет Мәтенқожаұлы биылғы жылдың елеулі оқиғалары- «Алашорданың» 100 жылдығы мен Сырым бабаның 275 жылдығына орай облысымызда кең көлемде шаралар жүзеге асатындығын құлағдар етіп, мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілін меңгерудің тиімділігі жөнінде сөз өрбітті.

 

Дана ДЕРБІСАЛЫ