10.11.2020, 17:48
Қараулар: 87
Кәріз жөнделді, мектеп салынбақ

Кәріз жөнделді, мектеп салынбақ

Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында биылғы жылдың тоғыз айында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылған. Ауыл орталығындағы екі көшеге жарық шамдары орнатылса, округке қарасты Новенький ауылынан Достық ауылына дейінгі кіре беріс жолдың 5 және ауылішілік 3 шақырым жол қайта салынған. Сондай-ақ ауылда 60 орындық балабақша құрылысы басталыпты. Бұл туралы аудан орталығында өткен «Адал көмек» жобасының тікелей эфирі барысында округ әкімі Әбубәкір Төлеуов мәлімдеді.

Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындардың көп жылдан бергі бас ауруына айналған Достықтағы көпқабатты 21 үйдің кәріз жүйесін жөндеу мәселесі де шешімін тапқан. Әбубәкір Қамбарұлының сөзінше, аталған үйлердің кәріз жүйесін ретке келтіру үшін «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасы бойынша 62 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда үйлердің кәріз жүйесін жөндеу жұмыстары аяқтала келген. Жыл соңына дейін бұл мәселе толықтай шешімін таппақ. Айта кететін тағы бір жайт, аталған жұмыстарға жергілікті тоғыз адам тартылған.

-Биыл жұмыссыздар есебінен «World Green Compani» ЖШС 32 адам, ауылдық округтегі түрлі мекемелерге 18 адам жұмысқа орналастырылды. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту ісі де жүзеге асуда. «Бизнес балапан» бағдарламасымен 2 адам 500 мыңнан астам қаражат алса, ауыл шаруашылығын дамытам деген ниетті төрт тұрғын жалпы соммасы 13 миллионнан астам теңге несие рәсімдеді. Сондай-ақ үш адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, тиісті сертификаттарына ие болды,-деді Ә.Төлеуов.

Округке жас мамандар да көптеп келуде. Биыл 4 маман жастар практикасынан өтіп жатқан болса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келген 6 жас тұрғын үй алған. Тағы бір жас көтерме қаржы рәсімдепті. Ауыл әкімінің сөзінше, келер жылы да Достықта атқарар іс көп екен.

-2021 жылы ауылда 750 орындық мектеп салу жоспарда бар. Қазіргі таңда аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі білім ордасының жобалық сметалық құжаттарын дайындауда. Топографиялық түсірілімдер жасалды. «Кешенді сынақ орталығы» ЖШС инженерлік зерттеулер, геологиялық жұмыстар да жүргізді. Сондай-ақ келер жылы ауылда 12 пәтерлік екі қабатты тұрғын үй салу жоспары бар. Мемлекеттік жеке серіктестік арқылы 100 орындық балабақша салуға қажетті құжаттар да

дайындалды. Ниет білдірген кәсіпкерлер табылса, құрылыс жұмыстары басталатын болады,-деді өз соңында Әбубәкір Қамбарұлы.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар