11.01.2021, 9:20
Қараулар: 36
Бәйтерек сайлаушылары белсенді

Бәйтерек сайлаушылары белсенді

Бұрынғы сайлаулардан өзгеше өткен биылғы дауыс беру Бәйтерек ауданында да өз деңгейінде өтуде. Жалпы аудан бойынша 55 сайлау учаскесі бар. Ал сайлаушылар саны 40220 адамды құрайды. Қазірге келіп түскен мәлімет бойынша 28798 адам дауыс беріп үлгерген. Бұл мәліметті бізге аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов берді. Оның айтуынша, сайлау әділ әрі таза өтуде екен.

-Кешегі боран мен бүгінгі жауын салдарынан аздаған қиындықтар туғанымен, дауыс беру тоқтамады. Барлық сайлау учаскелері санитарлық талаптарға сай жасақталды. Антисептиктер мен бетперделер, арнайы халаттар және дене қызуын өлшеуші құралдар жеткілікті. Өз маскасы жоқ азаматтарды маскамен де қамтамасыз ететін мүмкіндік бар,-дейді Р.Ихласов.

Сонымен қатар өз учаскесіне келе алмайтын тұрғындардың үйіне барып, оларға да дауыс беруге мүмкіндік жасалған. Радик Мақсотұлы аталған азаматтардың өтініштері бойынша комиссия мүшелері көрсетілген мекен жайларды аралап, үйде отырып-ақ дауыс беруге жағдай жасалғандығын айтты. Шалғай ауылдық округтер мен елді мекендердің тұрғындары да сайлауға белсенді қатысыпты. Ол жақтарда да ешқандай қиындық туындамаған.

Аудандық аумақтық комиссия төрағасының сөзінше, тіркелген 40220 сайлаушының 870 үйден дауыс береді екен.

-Қазіргі таңда комиссия мүшелері дауыс беру туралы арыз берген азаматтардың үйлерін аралауда. Үйден дауыс беретіндердің нобайы соғыс және еңбек ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар,-дейді Р.Ихласов.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар