Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек» деген болатын.
Президенттің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен және Премьер-министрдің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілген.
Сол себепті латын негізді қазақ тілі әліпбиін игеру мен меңгеру тұрғысында республика бойынша жалпыхалықтық диктант жазу жұмысы Зеленов ауданында да жүргізілді.
Жалпыхалықтық диктант мақсат-міндеті – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латын негізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру.
Диктантқа 15 жастан асқан барлық азаматтар – мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызмет ұсынатын ұйымдардың қызметкерлері, студенттер, оқушылар қатысты.
Диктант аудан мектептері мен мәдени ошақтарда ұйымдастырылды.
Барлық өңірде бір мезетте басталған диктант жазу барысында диктантты сканерлеу немесе фотоға түсіру арқылы gor_kultura@mail.ru электронды поштасына жолдау қажеттілігі және де диктантты арнайы белгіленген орындарда және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және «Қазақ» радиоларында тікелей эфирде мәтін аудиосын тыңдап, жазуға болатындығы назарға алынды.
— Латын әліпбиіне көшу – қазіргі өмір талабы. Әрине, бірден меңгеріп кету қиынға соғуы мүмкін. Сол себепті, әріптерді үйрену, қол жаттықтыру секілді процестер басталды. Бірақ, зейін қойып, үйренемін деп талпыныс жасаған адамға еш қиындығы жоқ.
Латын графикасын меңгеру – өткенге көз жүгірту, тарихқа оралу деп түсінемін, — дейді Переметный ЖОББ мектебінің директоры Мәлік Өтешев.
Ертай БИМҰХАНОВ