29.01.2020, 17:29
Қараулар: 176
Ардагерлер бас қосты

Ардагерлер бас қосты

Ауданының ардагерлер кеңесі мен қоғамдық келісім кеңесі төрағаларының жиналысы өтті.


Жиынды аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбеков жүргізді. Күн тәртібінде 2020 жылы елімізде аталып өтілетін мерейлі шараларға дайындық жұмыстары, аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің және аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды.

— Ағымдағы жылы біз Ата Заңымыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Осыған орай ҚР Әділет министрлігі ұсыныс-пікірлер жиып, соған байланысты жоспарлар берді. Соның аясында біз ауылдық округтерге шығып, кездесулер мен өзге де іс-шаралар өткізетін боламыз.

Келесі шара – Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерекесі. Осыған байланысты аудандар арасында «Тұңғыш Президент жолымен…» атты эстафета жүруде. 10 ақпан күні тасқалалықтар осы эстафетаны бізге табыстамақ. Қабылдау барысында түске дейін бес алаңқай құрылып, әр алаңқайда әр түрлі әңгімелер өрбітетін боламыз. Мәселен, Ассамблея, Елбасы, Конституция сынды тағы басқа тақырыптарда жүреді. Түстен кейін көрме, мерекелік концерт, эстафета қабылдаумен жалғасын табады.

Тағы бір мерейлі мерекелердің бірі – Жеңістің 75 жылдығы. Биылғы жоспарымыз жылдағыдан өзгеше өрбуде. Біз мектеп қабырғаларында ерлік сағаттарын өткіздік. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары қаза болған жауынгерлеріміз туралы кітапша шығарып, мектеп оқушылары мен жастарымыз арасында таратудамыз, — деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр.

Бөлім басшысы Нұржан Тоғызбайұлы Еріктілер жылында атқарылар жұмыстар барысымен де таныстырды.

Ал аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің және аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын үйлестіру мәселелері бойынша Қадырбай Абдушев пен Ғалымжан Миндалиев баяндама жасады.

Жиын соңында ел дамуына үлес қосып жүрген ардагерлерге облыстық ардагерлер ұйымы кеңесі төрағасы Мырзағали Мұхамбетовтың алғыс хаттары табыс етілді.

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ

Аудан жаңалықтарын газеттің әлеуметтік желідегі парақшаларынан оқуға болады Инстаграм Фейсбук

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар