27.04.2017, 15:14
Қараулар: 189
АЛАШ ТҰЛҒАЛАРЫ

АЛАШ ТҰЛҒАЛАРЫ


Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Новенький ауылында кітапхана қызметкері Р.Досмұханбетованың ұйымдастыруымен «Ұлы Алаш тұлғалары» тақырыбында конференция өтті.


DSC_0205

Конференцияға Зеленов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің және жақын аймақта орналасқан ауылдардың кітапханашылары, Новенький  мектебінің ұстаздары , жоғары сынып оқушылары қатысты.

— XX ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев сияқты дүлдүлдер тұрса, солардың ізін басқан болашақтың нарқасқа ұлдары – Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов тағы басқалар, М.Сералин бастаған  «Айқап» журналы төңірегіне шоғырланған қазақ зиялылары ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық  тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Сонымен бірге тұңғыш жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім 1917 жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны даярлауды Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларынан құрылған айрықша бюроға тапсырылғандығы, бірінші жалпықазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24-маусым күнгі санында съездің тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынып, нәтижесінде тұңғыш жалпықазақ съезі 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті, — деген  тарих пәнінің ұстазы Ерлан Ерболатұлы Алаш қозғалысы хақында толықтай мағлұмат берді.

Одан әрі сөз алған кітапханашы Р.Досмұхамбетова басқа өңірлерде, соның ішінде біздің өлкемізде Алаш партиясы бөлімшелері мен Алаш қозғалысының құрылуы, даму тарихы туралы ой бөлісті. Ал К. Дүйсембиева мен Б. Тұрғалиева сынды оқушыларымыз «Алаш партиясы» мүшелері Әлихан Нұрмұхамедұлы және Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен шығармашылығы, алаш қозғалысы барысында атқарған істері туралы презинтация көрсете отырып баяндама жасаса, А.Ұзақбайқызы Айлана, Л. Немченко және А.Нығыметовалар С.Торайғыровтың «Алаш ұраны», «Оқу», «Арманым» өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыды.Сондай-ақ  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі К.Андирова «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында ағымдағы жылы оқуға таңдау түскен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ғұмыры  мен шығармашылығын бүгінгі күнмен салыстыра отырып, әсерлі баяндап берді.

Шара соңы А. Сатов пен Н.Сәлімнің орындауындағы  «Батырлар ұраны» әнімен тәмәмдалды.

 

                                                                           Ж. ЖАНАБАЕВА,

                                     ОКЖ, балалар және жасөспірімдермен жұмыс әдіскері,