20.12.2020, 9:19
Қараулар: 53
«Мың бала» жеңімпаздарын марапаттады

«Мың бала» жеңімпаздарын марапаттады

Бәйтерек ауданы орталығындағы Қасым Аманжолов атындағы мектепте аудан атынан Елбасының «Ел үміті» бастамасы іске асыру мақсатында алғаш рет ұйымдастырылған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиядасының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин, ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, жеңімпаз оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.

Ауылдағы мектеп оқушыларының таланттары мен қабілеттерін дамыту және қолдау мақсатында ұйымдастырылған олимпиадаға тек бесінші және алтыншы сынып оқушылары қатыса алады. Биыл аталмыш жарысқа ауданның 16 мектебінен 48 оқушы қатысқан болатын. Олардың біразы бірінші турды ойдағыдай өткеріп, екінші турға жолдама иеленді. Тамыз айында өткен білім сынының қорытындысында бәйтеректік 27 оқушы жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Айта кетейік аталмыш білім бәсекесінде жеңімпаз атанған оқушыларға еліміздің кез-келген дарынды балаларға арналған мектебіне емтихансыз түсу мүмкіндігі біріледі. Қазіргі таңда үздік аталған 27 оқушының 6-ы ғана ол мүмкіндігін пайдаланып, Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында білім алуда. Ал қалған 21 оқушы аудан мектептерінде.

Аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев олимпиада жеңімпаздарына Нұр-Сұлтан қаласындағы «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры тарапынан берілген ноутбуктарды сыйға тартты.

Шара соңында Ерікқали Ғұмарұлы оқушыларға ризашылығын білдіріп, бүгінгі жеңістері үлкен жетістіктердің бастауы болсын деген ақжарма тілегін жеткізді.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы