2.11.2017, 18:16
Қараулар: 263
Азаттықты аңсаған айбынды Алаш

Азаттықты аңсаған айбынды Алаш

Аудан орталығында «Азаттықты аңсаған айбынды Алаш» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  Азаттықтың бастауында тұрған Алаш тұлғаларының идеясын ұлықтау мақсатында жыл бойы ауданда атқарылып келген шараларды түйіндеген конференцияға қоғам қайраткері, жазушы, тарихшы-өлкетанушы Жайсаң Ақбай, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР білім беру ісінің үздігі Жаңабек Жақсығалиев, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Назгүл Төкешева және аталмыш орталықтың ғылыми қызметкерлері Айсана Исақова мен Қайсар Ташай арнайы шақырылды. 


алаш конфер 058Алаш арыстарын ардақтап, тарихымызды түгендеу мақсатында оздырылған конференцияны ашқан аудан әкімі Асхат Шахаров: — 2017 жыл халқымыз үшін маңызы ерекше, тарихи мәнері зор жыл болды. Тәуелсіз еліміздің үшінші жаңғыруына серпін берген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасы аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыс тану мүмкін емес. Алаштың басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға сай бейімдеу еді. Арыстар бізге мемлекеттік идеяны ту етіп көтеруді табыстап кетті. Бүгінгі конференция сол ата-бабаларымыздың айтқан сөздері мен атқарған еңбегін халыққа жеткізу мақсатында оздырылып отыр. Бүгінгі ұрпақ тағылымды тарихымен мақтанып қана қоймай, Алаш арыстары аңсаған тәуелсіз еліміздің туын биіктете берсін, — дей келе, өлке тарихын түгендеп жүрген ақсақал Жайсаң Ақбайға қазақы дәстүрмен құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Одан әрі мінберге Жаңабек Жақсығалиев көтеріліп, «Алаш арыстарының арманы: тарих және тағылым» тақырыбында баяндама жасады. – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының бірінші тарауы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған. Ұлттық сана ұлттық тарих арқылы қалыптасады. Біз, өкінішке орай, ұлттық санамыз көмескіленген халықпыз. Тарихта тәуелсіздігін алғанмен, отарсыздану саясаты сәтті жүргізілмей, дағдарып қалған елдер туралы мысал жетерлік. Осы тұрғыдан алғанда елдегі маңызды реформалар отарсыздану үрдісінің оңтайлы жүруіне, ұлттық сананың берік орнауына зор ықпал етуде. Мұның бір ғана көрінісі қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшірілуі. Біз бүгін айналысып жүрген мәселелердің барлығын осыдан жүз жыл бұрын Алаш арыстары бастап кеткен. Арыстардың асыл армандары бүгінде орындалды. Бірақ олардың қалдырған мұралары халыққа әлі толық жетпей отыр. Осыны ескере келе, тұлғалардың том-том дүниелері кітап болып жинақталуда, — деген Жаңабек Жаңабайұлы Алаш идеясының негізгі бес ұстанымына кеңінен тоқталды. Жердің тұтастығы, тәуелсіздіктің беріктігі, жеңіл өнеркәсіптің дамытып, шикізаттың елімізде өңделуі, мемлекет құраушы ұлттың тіліне, діліне, дініне басты назар аудару қажеттігі және салт-дәстүрге, ғылымға негізделген ұлттық демократиялық мемлекет құру мәселесін жіктей келіп, бұл ұстанымдардың Елбасының саясатымен үндескендігін дәйекті мысалмен жеткізді. алаш конфер 046Қоғам қайраткері Жайсаң Ақбайдың «Алаш Орда қозғалысының кейбір аспектілері» тақырыбындағы баяндамасы Алаш арыстарының еңбектері мен өміріне арналды. — «Осы қазағым өссе екен, көгерсе екен, дүбірлі ел болып, мәдениетін өркендетсе екен» деген асыл арман жетегінде алты алаштың арыстары құрған Алаш Орда үкіметіне 100 жыл. Ғасырлар бойы қанаушылық зардабынан қасірет шеккен ел оянып, ұлттық идея жасауға ұмтылды. Мен Алаш туралы әңгімені сол Алаш қозғалысына қатынасқан адамдардан естіген, солардың көзін көрген жанмын. Менің жаныма бұл тақырыптың ерекше әсер ететіні сондықтан. Өйткені менің тағдырым, менің әкемнің жағдайы Алаш қозғалысына байланысты өткерген қиын сәттер бәрі менің жадымда. Алаш қайраткерлері осыдан жүз жыл бұрын Алаш деген отау құрып қазақтың өз алдына ел болғанын көреміз бе, атқарылған әрбір істен қазақтың исі аңқығанын, халқымыздың шалқығанын көреміз бе?, — деп армандады. Бұл — халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Біз — сол арманды іске асыру міндетін алған ұрпақпыз. Біздік міндет — тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, бәсекеге қабілетті мемлекет құру. Ұрпақтың рухы мықты болса, білімге ерекше ынтызар болса ғана сол мақсатқа жетеміз, — деп түйіндеді сөзін ел ағасы. Бұдан бөлек конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты Назгүл Төкешева «Деятели западного отделения Алаш», Айсана Исақова «Алаш үкіметі және Әлихан Бөкейханов», Қайсар Ташай «Алаш қозғалысының тарихи қалыптасуы» тақырыптарында баяндама жасап, тыңдарманға ой салар тарихи деректерді сөйлетті. 1917 жылы «Қазақ» газетінде «… Біз қазақ-қырғыз болып қам қылмай отыра алмаймыз. Мұндай лайсаң заманда закон жоқ. …Әуелі өлмеске, екінші мал-мүлкімізді бермеске, үшінші осы лаңның ішіне кірмеске қолдан келген күшімізді, ісімізді сарп ету керек. Данышпандар білімін, азаматтар қайратын ұлты үшін аямай жұмсайтын орын осы» деп жазылған екен. Екі ғасырға жуық патшалық Ресейдің қыспағында қалып, езгісіне түскен қазақты көзі ашық, көкірегі ояу  қайраткерлер «Оян Қазақ, көзіңді аш, көтер басты!», деп ұран тастап, ұлт болып ұйысуға шақырды. Қалың жұртты азат Алаш туының астына топтастыру тек насихат айтумен шектелмеді. Ұлт көсемдері ниетін нақты іспен дәлелдеді. Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет құрғанда ел қамын ойлап, өздерінің саналы ғұмырын сарп еткен тұлғалардың тарихын қайта парақтап, заман талабына сай зерделеудің маңызы зор. Бұл кезеңнің тарихы тағылым мен сабаққа толы. Мұның бәрі бізге тарихтан сабақ алуға, өткеннен тиісті қорытынды жасауға шақырады.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тарихты білмей, бүгінгінің мақсатын, болашақтың салмағын білу мүмкін емес», — дегеніндей, тарихымызды ұлықтай білсек, болашағымызда жарқын болмақ.

 Нұржан ДҮЗБАТЫР