23.10.2017, 10:34
Қараулар: 101
Азаттықты арқау еткен айтыс

Азаттықты арқау еткен айтыс

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде «Азаттықтың жолында» тақырыбында облыстық жас ақындар айтысы өтті. Сырым Датұлының 275, Алаш Орданың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған айтысқа Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы мен аудандық әкімдік мұрындық болды.


_DSC0110Алқалаған ағайынның алдында, кештің алғы сөзін алған Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолла өнер кешінің мән-маңызына тоқталып, жүлдесіз өтер айтыстын басты мақсаттарын айқындап өтті. — Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым бабамыздың 275 жылдығы мен ұлтымыздың ұлы ұраны Алаштың 100 жылдық мерейтойы бірер шарамен шектелмей, жыл бойы түрлі деңгейде аталып өтуі тиіс. Осы орайда, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ақындар айтысы мен жазба ақындар жыр кешін әр ауданда өткізуді мақсат тұтты. Осылайша өңірдің айтыс өнерін кеңінен дамытып, таланттарға қолдау танытқымыз келді. Бабы келісіп, айтыс мәнерін терең меңгерген өрендеріміздің республикалық деңгейдегі додада еркін көсіліп, өнер көрсетуіне жағдай жасау еді көздегеніміз. Бұл айтыста жүлдегер жоқ. Жүлдегер анықталмағасын, қазылық жасалмайды. Ендеше жүлде бәріне тең бөлінеді. Мұндағы мақсат әр ақынның өзіндік шеберлігін шыңдау, — деген Бауыржан Ергенұлы өнер ұжымының үшбу ұсынысын құп алып, ақындарды сахнасына оздырған аудан әкімдігіне зор ризашылығын білдірді. Сөз кезегі ақындарға ұсынылып, сахнаға алғашқы жұп теректілік Эльдар Ихсанов пен бөрлілік Жарқынбек Шынтаев шақырылды. Ә, дегеннен қағытпа әзілге көшкен қос жүйрік ештеңеден аянып қалмады. 17 қыркүйек күні қолына бақ құсын қондырып, беташар рәсімін өнердегі ағасы Эльдарға аштырмақ болған Жарқынбек уәдеден тайқып кеткен Беріштің ұлына ат-шапан айыбы барын ескертті. Ол күні дүйім қазақтың абыройын асырып жүрген Генаның жекпе-жегі өтті. «Бой» мен той қатар келіп, бара алмадым, — деген Эльдар ақын айыбының өтеуі ретінде қарсыласына бокс қолғабын сыйға тартып, торсық шекелі ұлды болсаң сол батырға тартып, ел намысын атой салып қорғасын деген тілегін арнады. Сыйға — сый қағидасы бойынша Жарқынбек те бір уыс конфет ұсынып, той сарқыты ретінде дәм таттырды. Екеуара қайырымда ішінәра болмаса, негізгі тақырыпқа бармады ақындар. Келесі кезекте шақырылған жұптың екеуі де жаңақалалық екен. Сойы бөлектеу шабысымен тайынан танылып үлгерген Орынбек Меңдіғұловқа шыға бас салған жас ақын Азамат Базарбаев Оралдың ордаңдаған ортекесі, айналып қызтекеге бара жатыр, — деп Орынбектің шаш үлгісін сынап, тікірейген шашына тиісті. Жігітке сай жұдырыққа жүгінейік, әйтпесе, шаш тартысып отырармыз, бір байдың екі күндес әйеліндей, — деген Орынбек қарсыласын ірілік танытуға шақырды. Енді бірде, Талғаттың көк шапанын киіп апсың, киіп шықса айтыстан жеңілуші еді, — деп тиіскен қарсыласқа Орынбектің: Әр қазақ бір-біріне шапан жапсын, жала жауып жүргеннен жақсы емес пе? — деуі сәтті тойтарыс еді. Азаматтың бұ жолғы айтысынан едәуір өсу, сапалы сөз саптау мәнерін сездік, дегенмен, Орынбектің шеберлігі басым болды. Өңір айтысының кенже ақыны атанып жүрген қаратөбелік Райымбек Өтепті бұ жолы ұйымдастырушылар азулы ақын Айнабек Бисенғалиевпен жұптапты. Айнабектің ағалық ізеті Райымбекті «Айтыстың қарасы» деген лайықты теңеуімен бірден көтеріп әкетті. «Шынында бұ баладан не сұрайын, шақшасы бітіп қалып балалардан, шалдардың сұрайтынын сұрамасам», — деген Айнабектің әзіліне Райымбек те тосылмай: «Шақшамды» ешкімге де көрсетпеймін, он сегізге толғанша ашылмайтын, — деп қойып қалды. Ағаның адуынына төтеп беріп, алдырмай «арпалысқан» Райымбек айтыстан алар «олжасы» осал еместігін байқатты. Айтыстың тақырыбын да терең қаузай алған осы жұп еді. Айнабектің:

 Сөзіңнің түгелденіп таралымы,

Айтылсын ақындардың жаңа жыры.

«Азаттықтың жолында» деп жырласақ,

«Алаш» деп ұрандатып қалады ұлы.

Жүз жыл бұрын құрылған үкіметім,

Өтіп кеткен ғасырдың жаңалығы.

Арыстар есімімен байланысты,

Алаш үкіметінің қалануы.

Еліме езгісі жоқ ғұмыр тілеп,

Ұлтымның тізе қосқан бар алыбы.

Шекарасын шегендеп ұрпағына

Аманат қып қалдырған даланы ұлы.

Аты өлмейтін тұлғалар осылар ғой,

Тарихтың дерегінен қара мұны.

Атқанменен өлтіре алмады ешкім,

Алладан күшті емес қой хан әмірі.

Керісінше атағы айға жетіп,

Мінекей, ғасыр асып барады үні.

Жүз жыл бұрын құрылған үкіметтің,

Сәт сайын арта берер баға-құны.

Өйткені Алаш Орда біз аңсаған,

 — деген шумақтары бүкіл айтыс кешінің салмағын көтеріп-ақ тұрды.

Келесі жұпта әр сөзі мірдің оғындай дөп тиетін Мұрадыммен айтысқан Алшынбектің шымыр шумақтары төкпелеп өрген өлеңі тыңдарманын тәнті етті. Күнделікті күйбең тірліктің қиындығына мойымай, ұлт өнерін дәріптеуге ерекше үлес қосып жүрген жас ақындар әзілдерінің астарында өміршең дүниелер, өткір тақырыптар тоғысып жатты.

Соңғы түйенің ауыр жүгін арқалап, қай айтысқа салсаң да мұқалмастай қайрат танытқан Жансая Мусина мен Талғат Мықидың айтысы көрерменін күлкіге қарқ қылды. Қызды жалмауыз кемпір қылған Талғатқа, Қаңбақ шалсың деп тиіскен Жансая қарсыласын «оңдырмай» жіберді. Талайды көрген Талғаттың тосылатын жері ме еді бұл, көсілді келіп. Қайдан тауып аларын қайдам, Ақ Жайықтың ару ақынына айтылмаған сын, арналмаған тілек қалмады. Жүлдесіз айтыста жолын Жансаяға бере салып, жүлдесі бар айтыста қайтарарсың, — деп әзілдеген Талғаттың азаматтығын асырған Жансая айтысты әдемі түйіндеді. Әр айтыстың айтар ойы, көтерер жүгі бар. Әр ақынның шығар биігі, алқаға айтар пікірі бар. Ұтымды ұсыныс айтылып, озық ой тасталған айтыс кешінен ауыл халқы рухани жасап қалғаны анық.

 Нұржан Дүзбатыр